Еуропа чемпионатына екі қадам қалды. 2024 жылғы Германияға барар жол қандай?

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасының С дивизионында мерзімінен бұрын жеңімпаз атанды. Магомед Адиев жаттықтыратын құрама кеше Беларусь футболшыларын жеңді.
Бес турдан кейін 13 ұпай жинап, өз тобымызда топ жардық. Енді 25 қыркүйек күні Бакуде Әзірбайжан футболшыларымен кездесеміз. Бірақ бұл кездесудің турнир кестесінде аса қатты маңызы жоқ. Жолдастық ойын деңгейінде өткелі тұр.
Енді С дивизионындағы үшінші топта үздік шықтық. Әрі қарай не болады деген сұраққа жауап іздеп көрсек.
Біріншіден, Қазақстан С дивизионынан В дивизионына көтерілдік. Енді 2024/2025 жылғы Ұлттар лигасында Қазақстан Словакиядан да деңгейі жоғары командалармен ойнайды. Мысалы, Украина, Исландия, Сербия, Черногорияның деңгейінде командалармен сынға түсеміз. Ол кезде әрбір жеңіс, тең ойындарға берілетін сыйақы көлемі де артады.
Ал ең бастысы, Қазақстан Еуропа чемпионатына қатысуға бұрын-сонды мұндай жақын болған емес. 2024 жылы Германияда өтетін құрлық біріншілігіне Ұлттар лигасынан үш құрама жолдама ала алады. Бұған дейін Еуро-2020-да 4 командаға мүмкіндік берген. Осы жолы үшеуі. Яғни А, В, С дивизиондарының үздіктері неміс жасыл алаңдарында доп тебетін болады.
Алдымен, 9 қазанда Германияның Франкфурт қаласында Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінің жеребесі тартылады. Іріктеу кезеңдері 2023 жылдың 23 наурыз-21 қараша аралығында өтеді. Әр топтың жеңімпазы мен екінші орын иегерлеріне тікелей жолдама үлестіріледі.
Сосын жоғарыда айтқандай, Ұлттар лигасынан үш құрама қосылады. Егер Ұлттар лигасында плей-оффқа жолдама алғандар іріктеу кезеңдері тікелей өтіп қойса, онда ол топта рейтингте келесі тұрған команда орнын басады.
Бұл шағын-турнир іспеттес. Әр дивизионның төрт командасы 2024 жылдың 21 наурызында бір жартылай финал, 23 наурызында финалдық ойын өткізеді. Қазақстанға мүмкіндік туып тұр. Яғни енді екі қадам жасасақ, Германиядағы Еуропа чемпионатына баруға болады.
С дивизионындағы жағдайға тоқталсақ. Бірінші топтан Түркия жолдама алып үлгерді. Алғашқы төрт ойынның барлығын жеңіп, қақпасына бір доп жібермеген түріктер кеше Люсембургпен өз алаңында 3:3 есебімен тең ойнады. Дегенмен, бұл нәтиже түріктердің Ұлттар лигасында өз тобында жеңіске жетуіне жеткілікті болды.
Екінші топта Грекия маусым айында-ақ жолдама алып үлгерген. Төрт ойыннан кейін олар 12 ұпай жинаған. Соңғы екі матчта қарсыластарына есе жіберсе де, бірінші орынды ешкімге бермейді.
Үшінші топта Қазақстан үздік шыққанын айттық. Ал төртінші топта әзірге жағдай шиеленісіп тұр. Маусымдағы 4 ойыннан 10 ұпаймен Грузия бірінші орында келе жатыр. Солтүстік Македония 7 ұпаймен екінші орында. Бүгін кешке Тибилисиде екі команда кездеседі. Егер грузиндер осы ойында жеңіске жетсе, мәселені толығымен шешеді.
Әзірге үшеуі белгілі. Төртіншісі бүгін анықталады. Егер төртіншісі Грузия болса, онда Қазақстан жартылай финалда Түркиямен кездеседі. Өйткені ереже бойынша рейтингте бірінші тұрғанмен соңғы тұрған өзара кездеседі. Түркия, Грекия, Грузия бізден жоғары орналасқан. Бірақ жоғары да айтқанымыздай, Түркия мен Грекия құрамалары Еуропа чемпионатына тікелей іріктеу кезеңдері арқылы да өтіп кетуі мүмкін. Сол кезде олардың орнын басқа командалар басып қалуы да ықтимал. Осы жағын да ескерген жөн.
Жалпы, УЕФА аясында өнер көрсеткелі Қазақстан құрамасы ең үздік көрсеткішке қол жеткізіп, өз тарихында алғаш рет 13 ұпай жинады. Бұрын «Еуро-2008» және «Еуро-2020» іріктеу жарыстарында 10 ұпай алған.
Ұлттар лигасы туралы қысқаша ақпарат бере кетсек, бұл турнирдің идеясы Астанада басталған. 2014 жылы елордада өткен UEFA-ның 28-конгресінде Ұлттар лигасының жобасы қабылданған болатын.
Негізі бұл жобаны талқылауды UEFA-ға мүше елдер 2011 жылы Кипрдегі жиында бастаған. Кейіннен 2013 жылы Стокгольмде, 2014 жылы Дубровникте пысықталып, ең соңында Астанада нақты түрде қабылданды.
UEFA-ның Ұлттар лигасына Еуропаның 55 құрама командасы қатысады. Олар 4 дивизонға (A, B, C, D) бөлініп, додаға түсіп жүр. Бұған дейін екі маусымы артта қалды. Биыл үшіншісі өтіп жатыр.






