Astana Team сапына италиялық велошабандоз қосылды

Astana Team сапына италиялық велошабандоз қосылды
Басқа

SprintCycling

Италиялық велошабандоз Андреа Баджоли жаңа маусымнан бастап XDS Astana Team сапында өнер көрсетеді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап. 

27 жастағы спортшымен келісімшарт екі жылға – 2027 және 2028 жылдарға жасалды. Баджоли біркүндік жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген тәжірибелі шабандоздардың бірі. Оның мансабындағы ең ірі жетістіктерінің қатарында 2023 жылы «Гран Пьемонте» классикалық жарысындағы жеңісі және әйгілі «Джиро ди Ломбардия» монументінде екінші орын алуы бар. Сонымен қатар италиялық велошабандоз «Вольта Каталония», «Тур Валлонии» және «Тур Словакии» жарыстарының жекелеген кезеңдерінде жеңіске жеткен. Биылғы маусымда Баджоли «Тур Австрии» кезеңдерінің бірінде топ жарды, «Тур Швейцарии» кезеңінде үшінші орын иеленді және Мигель Индурайн Гран-приінде бесінші нәтиже көрсетті.

«XDS Astana Team тарапынан қызығушылық бар екенін біліп, ұсыныс алған сәтте-ақ бұл мен үшін дұрыс таңдау болатынын түсіндім. Мен бұл жобаны әрдайым қызығушылықпен бақылап жүрдім, енді оның бір бөлігі болу мүмкіндігі маған ерекше мотивация береді. Болашақ командаластарымның көбін жақсы танимын және олардан команда туралы үнемі жақсы пікір еститінмін. Ұжымға тез бейімделіп, алдағы екі маусымда өзімді көрсете аламын деп ойлаймын. Менің басты мақсатым – мүмкіндік туған сайын жеңіс үшін күресу және команданың маңызды мақсаттарына жетуіне көмектесу», – деді Андреа Баджоли. 

XDS Astana Team бас менеджері Александр Винокуров та жаңа трансферге жоғары баға берді. 

«Андреа кәсіби мансабын ерте бастап, бірден көзге түсіп, бірқатар тамаша нәтижеге қол жеткізді. Біз оны бұрыннан бақылап жүрдік, енді командаға шақыру мүмкіндігі туды. Менің ойымша, XDS Astana Team сапында Баджоли өз әлеуетін толық аша алады. Біркүндік жарыстар – біз үшін басым бағыттардың бірі. Андреаның келуі осы жарыстардағы нәтижелерімізді одан әрі жақсартуы тиіс. Оның Гранд-турларға қатысуда да мол тәжірибесі бар, бұл біз үшін маңызды», – деді Александр Винокуров.