Лионель Месси құрамамен қоштасты

Лионель Месси құрамамен қоштасты

FIFA.com

Аргентина футболының аңызы Лионель Месси ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап. 

Ол бұл шешімді 2026 жылғы әлем чемпионатының финалынан кейін қабылдағанын айтты. Месси қоштасу хатын 21 шілдеде – 2026 жылғы әлем чемпионатының финалынан екі күн өткен соң жазған. Финалда Аргентина Испанияға қосымша уақытта 0:1 есебімен есе жіберген еді. Ал 8 тамызда футболшының әкесі Хорхе Месси 68 жасында ұзаққа созылған аурудан кейін қайтыс болды. Әкесі маусым айында ауруханада жатқан. Месси әлем чемпионатындағы алғашқы голын тойлаған кезде көзіне жас алған еді. Футболшы әкесінен айырылғаннан кейін ұлттық құрамадан кету туралы шешімінің дұрыс екеніне бұрынғыдан да сенімді болғанын жеткізді. «Әлем чемпионатының финалынан кейін біраз уақыт өтіп, ұзақ ойланған соң ұлттық құрамадағы мансабымды аяқтайтынымды айтқым келеді. Бұл шешімді қабылдау маған ауыр тиді. Сол ауыр сезім әлі де жанымда. Бірақ уақыт келгенін түсінемін. Ант етемін, мен әрдайым барымды салдым. Тек соңғы жылдары бәрін жеңіп алған кезімізде ғана емес, оған дейін де осы жейде үшін күрестім. Сіздерге қуаныш сыйлап, футбол арқылы аргентиналық екендеріңізді мақтан тұтуларыңыз үшін алаңда барлық күшімді қалдырдым», – деді Месси. Ол Аргентина құрамасында жаңа буынның өсіп келе жатқанын да атап өтті. «Мен өзімді толығымен арнадым. Енді берерім қалмады. Оның үстіне құраманың намысын қорғауға лайықты тамаша жас футболшылар өсіп келеді. Осы 20 жыл бойы көрсеткен махаббаттарыңыз үшін рақмет. Алаңда тұрып жанкүйерлердің дауысын естуді қатты сағынатын боламын. Енді мен де сіздердің біріңізбін. Құраманы сырттан әрдайым қолдап, жеңісті күндерде де, қиын сәттерде де жанкүйер боламын», – деді ол. Месси отбасы мүшелеріне, бапкерлеріне, командаластарына және Аргентина футболы басшыларына алғыс білдірді. «Мен тыныш көңілмен әрі мақтанышпен кетіп барамын. Командаластарыммен бірге сіздерге кезінде тек армандауға болатын сәттерді сыйладық. Осының бәрін сіздермен бірге бастан өткеру керемет болды. Аргентиналық болып туғаным үшін Құдайға рақмет. Алға, Аргентина!» – деп жазды футболшы. Аргентина құрамасында 20 жылдан астам ойнады Лионель Месси ұлттық құрама сапындағы алғашқы матчын 2005 жылы өткізді. Венгрияға қарсы жолдастық кездесуде 18 жастағы футболшы алаңға қосалқы құрамнан шығып, бірнеше секундтан кейін қызыл қағаз алған. Бір жылдан кейін ол өзінің алғашқы әлем чемпионатына қатысты. Жалпы Месси алты әлем чемпионатында ойнап, үш рет – 2014, 2022 және 2026 жылдары финалға шықты. Копа Америкадағы алғашқы финалы 2007 жылы болды. Аргентина 2007, 2015 және 2016 жылдары шешуші матчта жеңілгенімен, кейін 2021 және 2024 жылдары құрлық чемпионы атанды. 2016 жылы Чилиден Копа Америка финалында жеңілгеннен кейін Месси ұлттық құрамадан кететінін мәлімдеген еді. Алайда кейін шешімін өзгертіп, командаға қайта оралды. Месси Аргентина құрамасындағы мансабын көптеген рекордпен аяқтады. Ол ұлттық құрама тарихындағы матч, гол және нәтижелі пас саны бойынша көш бастады. Сондай-ақ әлем чемпионаттарында ең көп матч өткізген футболшы атанып, Аргентина сапында мундиальдардағы гол саны бойынша рекорд орнатты. Қауымдастық Мессиге алғыс айтты Аргентина футбол қауымдастығы (АФА) Мессидің ұлттық құрамадағы жолын ел футболының тарихынан бөлек қарастыру мүмкін емес екенін мәлімдеді. «Бүгін АФА тек бір нәрсе айтқысы келеді – рақмет. Кейбір оқиғалар нәтижелерден, рекордтар мен жүлделерден де биік тұрады. Олар ұлттық болмыстың бір бөлігіне айналады. Лионель Мессидің Аргентина құрамасындағы тарихы – дәл сондай. Оның мұрасы кез келген жүлдеден жоғары. Ол футболды түсінудің өзіндік үлгісін, елді танытудың ерекше жолын және миллиондаған аргентиналықпен қайталанбас байланысты қалдырды. Әр голың үшін, әр нәтижелі пас пен дриблинг үшін, әр матч үшін рақмет. Жеңістен кейінгі әр құшақ пен жеңілістен кейінгі әр көз жасың үшін рақмет. Лионель Месси Аргентина құрамасынан әлем чемпионы, капитан және аңыз ретінде кетіп барады», – делінген АФА мәлімдемесінде. ФИФА президенті Джанни Инфантино да Мессидің ұлттық құрамадағы мансабына жоғары баға берді. Ол Мессиді миллиондаған адамды шабыттандырған және футболға үлкен ықпал еткен ойыншы деп атады. «Аргентина құрамасындағы ұмытылмас сәттерің және бүкіл әлемдегі жанкүйерлерді біріктіргенің үшін рақмет. Мансабыңның келесі кезеңінде бар жақсылықты тілеймін», —– деді Инфантино. Аргентина құрамасындағы серіктесі әрі «Интер Майами» ойыншысы Родриго Де Поль Мессиге эмоционалды жазба арнады. «Елімізге деген шексіз махаббатың, ешқашан берілмеу үшін жүргізген ішкі күресің, көшбасшылығың және адамгершілігің үшін рақмет. Тарихтағы ең ұлы ойыншы, саған рақмет! Бізді осыншалықты бақытты еткенің үшін рақмет! Қанша адамға күлкі сыйлағаныңды өзің де елестете алмайсың. Сен мәңгіліксің!» – деді Де Поль. Аргентина құрамасының жартылай қорғаушысы Энцо Фернандес те Мессиге алғысын білдірді. Оның айтуынша, ұлттық құрамаға алғаш келген сәттен бастап Месси жас ойыншыларға қолдау көрсетіп, өзін команданың бір бөлігі ретінде сезінуіне көмектескен. «Келесі оқу-жаттығу жиынын сенсіз елестету қиын. Алаңға шығып, алдымызда 10-нөмірлі жейдедегі сені көрмеу де қиын болады.Маған қалай қарағаның, үйреткенің және тарихыңның бір бөлігі болуға мүмкіндік бергенің үшін рақмет.Капитан, сені қатты сағынамыз!» – деді Фернандес.