"Жапоннан есемді қайтарамын": Махмұд Сабырхан келесі маусымға қалай дайындалып жатыр?

Бокс
Бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан Қазақстан командасы сапында жаттығу жиындарына қатысуда. Танымал боксшы биылғы маусымдағы өзгерістерге тоқталып, алдағы жылға құрған жоспарларын бөлісті, деп жазады Bassport.kz.  "Биылғы маусымда айтарлықтай көп жарыс жоқ. Десе де, "Елорда кубогі" турнирі жоғары деңгейде өтіп, біздің кеңінен көсілуімізге мүмкіндік берді. Аталған турнирде жеңіске жету мен үшін қиын болған жоқ. Тек Өзбекстан командасының өкілімен өткен жекпе-жек маңызды болды. Өйткені, өзбек боксшысымен жасөспірім, жастар құрамасынан бері кездесіп жүргенбіз. Ересектер арасында да жолымыз түйісіп, жеңіске жеттім. Азия ойындары кейінге қалған соң, құрлық чемпионатында бар өнерімізді саламыз. Әзірге Азия чемпионатының нақты қай елде өтетіні туралы ақпар жоқ. Филиппин немесе Үндістанда өтуі мүмкін. Сол бәсекеден соң келесі жылға нақты жоспарлар құра бастаймыз. Өйткені, алдағы маусым боксшылар үшін өте маңызды", - дейді спортшы. Нұр-Сұлтандағы турнирге Жапония құрамасы қатысты. Алайда, 2021 жылы Махмұд есе жіберген жапондық боксшы елордаға келген жоқ. "Мен ұтылған жапондық боксшы жарысқа келген жоқ. Командаластарынан сұраған едім, белін ауыртып алыпты. Әрине, әлем чемпионатының финалдық кездесуі әлі есімнен шығар емес. Интернет арқылы сан мәрте көріп шықтым. Басты қателігім - тек алға жүре бергенім екен. Артқа шегініп, оны күтіп алу керек еді. Сол тұрғыдан қате кетті. Кейін есіме түсті, жасөспірім кезде Жапониямен бірлескен жаттығу өтіп, сол Цубояны талай ұтып алған едім. Енді онымен қайта кездессем, жеңемін деп ойлаймын. Есе қайтаратын кезді асыға күтіп жүрмін", - дейді боксшы.