"Облыс әкімі смартфон сыйлады": Әлем чемпионы Дарын Әскербекті елде қалай күтіп алды

Күрес
Италияның Рим қаласында өткен күрестен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Дарын Әскербек топ жарды. Ол 55 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанып, еліміздің әнұранын шырқатқан болатын. Bassport.kz тілшісіне сұхбат берген жас балуан мәңгілік қаладағы әсерлерімен бөлісіп, аса тартысты өткен финалдық жекпе-жек туралы кеңінен баяндады.
- Дарын, жеңіс құтты болсын! Әлем чемпионы атанған соң, елдегі жанкүйерлер қалай қарсы алды?
- Көп рахмет. Бұл жеңіс ата-анамды, отбасымды, барша халықты қуантты. Финалдық кездесуді бүкіл туған-туыстарым біздің үйге келіп, тамашалаған екен. Олар ең соңына дейін маған жанкүйер болып, жеңіске жететінімен сенген. Елге келген соң барлығы да үлкен қошеметпен қарсы алды. Жан-жақтан сыйлық беріп жатқандар да бар.
- Құпия болмаса, кімдерден сыйлық алдыңыз?
- Күрес жанашыры Ерлан Қожасбай ағамыз 1 миллион теңге берді. Қатты қуанып қалдым. Одан бөлек, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қымбат смартфон сыйға тартты.
- Әлем чемпионатының алдында өткен Азия біріншілігінде жеңіліп қалдыңыз. Финалдағы есеңіз қайтты ма?
- Иә, Бішкекте өткен додада ақтық сынға дейін жетіп, финалда үнділік балуанға есе жіберген едім. Бірақ әлем чемпионатында біздің жолымыз тоғыспады. Үнділік спортшыны мен финалда ұтқан америкалық балуан жеңіп кеткен еді. Енді алдағы жарыстарда, мүмкін, ересектер арасындағы бәсекелерде одан есемді қайтаратын шығармын.
- Финал демекші, Римдегі жарыстың ақтық айқасы өзің үшін өте ауыр өтті. Команда бапкері Дәулет Ниязбеков те америкалықтың өте мықты қарсылас екенін айтады. Ойсырай ұтылып жатып, жеңісті жұлып алуыңа не әсер етті?
- Америкалық балуан расында мықты. Мен Азияда жеңілген үндістандық спортшыны ұтып алғанын жоғарыда айттым. Финалда бар күшімді салдым. Дәулет ағай үзіліс кезінде екі ұпайлық әдістерді көбірек жасау керектігін айтты. Есепте алда келе жатып, ең соңғы секундтарда қарсыласқа мүмкіндік беріп қойдым. Бірақ жеңіске жеткеніме шүбә болған жоқ.
- Бұған дейін қандай ірі жарыстарға қатыстыңыз?
- 2018 жылы кіші жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының финалына жеттім. 2019 жылы оқушылар арасындағы халықаралық жарыста жүлдеге іліктім. Кейін пандемияға байланысты көп турнир өтпей қалды. Содан кейінгі қатысқан ірі бәсекелерім осылар.
- Шығыс Қазақстан облысы негізінен грек-рим күресінің отаны саналады. Еркін күресті таңдауыңызға не себеп болды?
- Иә, біздің облыстан Алмат Кебіспаев, Ербол Қоңыратов, Дархан Баяхметов сынды "классикалық" күрестің шеберлері шыққан. Ол ағалармыздың жолы да маған үлгі. Ал еркін күрестен Данияр Қайсанов, Азамат Дәулетбеков ағаларымды үздік санаймын. Олар үнемі ақыл-кеңесін айтып отырады. Еркін күреске 14 жасымда ағам алып барды. Себебі, біздің ауылда күрестің басқа түрлерінен үйірме жоқ болатын. Кейін мектеп-интернатқа оқуға түсіп, спорттағы жолымды жалғастырдым.
- Енді жастар командасына қосыласыз. Алдағы мақсаттарыңыз қандай?
- Алдағы маусымда жастар командасымен әлем, Азия чемпионаттарына қатысып, топ жаруды мақсат етіп отырмын. Одан бөлек, ересектер арасындағы ел чемпионатына да келесі жылы қатысамын. Өзімді ересектер арасында да мойындатқым келеді.

