Ислам Чесноков тағы да клуб ауыстырады
Қазақстан құрамасы мен Қостанайдың «Тобыл» клубының жартылай қорғаушысы Ислам Чесноков Ресей Премьер-лигасында өнер көрсетуге жақын, деп хабарлайды Bassport. Informsports. kz-ке сілеме жасап.
26 жастағы қазақстандық футболшы Самараның «Крылья Советов» клубына ауысуы мүмкін.
18 тамызда медициналық тексеруден өтеді
Иван Карповтың мәліметінше, Чесноков 18 тамызда Мәскеуде медициналық тексеруден өтуі тиіс. Одан кейін футболшы Самараға аттанып, жаңа командасына қосылып, алғашқы жаттығуын өткізеді.
Әзірге «Тобыл» мен «Крылья Советов» клубтары трансфердің жүзеге асқанын ресми түрде растаған жоқ.
Трансфердің шарттары белгілі болды
Ақпаратқа сәйкес, тараптар міндетті сатып алу шарты қарастырылған жалға алу келісімін жасасуы мүмкін. Кейін футболшының трансферлік құқығын сатып алу құны 250 мың еуро шамасында бағаланып отыр.
Сонымен қатар Чесноковтың Самара клубындағы айлық жалақысы шамамен 2,8 миллион рубль болуы мүмкін.
«Крылья Советов» бас бапкері Андрей Булатов қазақстандық ойыншыны команданың шабуыл шебін күшейту мақсатында алдырғысы келетіні айтылады.
«Зенитпен» матчта дебют жасауы мүмкін
Егер Чесноков медициналық тексеруден сәтті өтіп, трансфер құжаттары уақытында рәсімделсе, ол жаңа командасының сапында көп күттірмей дебют жасауы ықтимал.
Карповтың ақпараты бойынша, қазақстандық футболшы 19 тамызда «Зенитке» қарсы өтетін Ресей кубогының үй матчына «Крылья Советов» құрамына тіркелуі мүмкін.
Ислам Чесноков Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы. Ол «Тобыл» сапында Қазақстан кубогы мен Суперкубогын жеңіп алған. Ресей Премьер-лигасына ықтимал ауысу футболшының мансабындағы жаңа кезең болмақ.