«Челси» ойыншысы Дастан Сәтпаев 18 жасқа толды

«Челси» ойыншысы Дастан Сәтпаев 18 жасқа толды
Футбол

«Челси» футбол клубы

Қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев 12 тамызда 18 жасқа толды. Жас шабуылшыны туған күнімен отбасы мүшелері әлеуметтік желі арқылы құттықтап, архивтегі отбасылық суреттерін жариялады, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.

Футболшының анасы Мадина Сәтпаева Instagram желісіндегі парақшасында Дастанның бала кезіндегі суретін бөлісіп, ұлына жылы лебізін білдірді. 

«Дастан, жүрегім менің, туған күніңмен. Сені жақсы көремін», – деп жазды ол. 

Дастанның інісі Темірхан Сәтпаев та ағасымен бірге түскен ескі суретін жариялап, құттықтады. 

«Туған күніңмен, бауырым», – деп жазды Дастанның інісі. 

Англиядағы жаңа кезең

Дастан Сәтпаев үлкен футболдағы жолын Алматының «Қайрат» клубының жүйесінде бастады. Жас шабуылшы Қазақстанда жарқын өнер көрсетіп, шетелдік клубтардың назарын аударды. Кейін оның лондондық «Челсиге» ауысатыны белгілі болды. 18 жасқа толғанға дейін Сәтпаев кәмелетке толмаған шетелдік футболшыларға қатысты талаптарға байланысты Англияда «Челси» сапында ресми түрде ойнай алмайтын. Соған қарамастан, ол лондондық клубпен бірге жаттығып, Англиядан тыс жерде өткен маусым алдындағы жолдастық кездесулерге қатысты. Қазақстандық шабуылшы төрт жолдастық матчтың үшеуінде алаңға шығып, «Вестерн Сидней Уондерерс» командасына қарсы кездесуде гол соқты.

Сәтбаевтың Лондондағы дебюті қашан болуы мүмкін? 

15 тамызда «Челси» жаңа маусым алдындағы соңғы жолдастық кездесуін Лондондағы «Стэмфорд Бридж» стадионында өткізеді. Қарсылас – испаниялық «Реал Сосьедад». 18 жасқа толуы Сәтпаевтың мансабындағы маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Енді қазақстандық талант Англиядағы жаңа кезеңін бастап, «Челси» сапындағы мүмкіндігі үшін таласады. Дастанның «Қайраттан» «Челсиге» ауысуы қазақстандық футболдағы ең елеулі трансферлердің біріне айналды. Жас шабуылшының Еуропадағы қадамына қазақстандық жанкүйерлер де үлкен қызығушылық танытып отыр.