"Елорда кубогі": Қазақстандық боксшылардың финалдағы қарсыластары кімдер

Бокс
Бокстан Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан «Елорда кубогі» халықаралық турнирінің финалдық жұптары анықталды. Ақтық сында 13 салмақтың біреуінде ғана ақтық сынға шыға алған жоқ. Bassport.kz турнирдің жартылай финалдық кездесулерін қорытындылап, алтынға таласатын боксшылар тізімін ұсынады. 48 келі Осы салмақтағы соңғы әлем чемпионатының жеңімпазы Теміртас Жүсіпов елорда төрінде барлық қарсыластарын бір деммен ұтып шықты. Жартылай финалда Жүсіпов қырғызстандық Анваржан Ходжиевтен 5:0 есебімен басым түсті. Теміртастың финалдағы қарсыласы – өзбекстандық Асылбек Жалилов. 51 келі Әлем чемпионы Сәкен Бибосынов өз еліндегі турнирде аянып қалған жоқ. Жартылай финалда қырғызстандық Нұржігіт Дүйшебаевты ұтқан Сәкен ақтық сында кубалық Алехандро Кларо Физбен жұдырықтасады. Алехандро финалға жолдама беретін жекпе-жекте 2020 жылғы Қазақстан чемпионы Даниял Сәбитті ұтты. 54 келі Бұл салмақтың сөзсіз үздігі Махмұд Сабырхан да алтынға таласады. Ол жартылай финалда Өзбекстан чемпионы Шахзод Мұзафаровтан басым түсті. Махмұд ақтық сында қытайлық Фанг Бомен қолғап түйістіреді. 57 келі 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов финалда кубалық Освальд Давид Кабалеромен кездеседі. Жартылай финалдық жекпе-жекте Серік үндістандық Сачинді таза жеңді. 60, 63,5, 67 келі Бұл екі салмақтың финалында қазақстандық боксшылар өзара мықтыны анықтайды. 60 келіде Талғат Сырымбет пен Саматәлі Төлтаев жұдырықтасса, 63,5 келіде Санатәлі Төлтаев пен Мұхамедсабыр Базарбайұлы жолығады. Ал 67 келіде Дулат Бекбауов пен Абзал Серік алтын жүлдені сарапқа салады. 71 келі Қазақстан командасы үздіктерінің бірі Асланбек Шымбергенов «Елорда кубогінің» финалында жапониялық Севон Окадзаваға қарсы шығады. Севон Белградта өткен соңғы әлем чемпионатының жеңімпазы. Ол жартылай финалда моңғолиялық боксшыны ұтса, Асланбек жерлесі Қуан Қуатовтан басым түсті. 75 келі Аталған салмақ дәрежесіндегі жартылай финалда екі қазақстандық боксшы сынға түсіп, екеуі де қоланы қанағат тұтты. Нұрқанат Райыс кубалық Иони Федисианов Мартинестен 0:5 есебімен ұтылса, Аятолла Тәкіжанов өзбекстандық Саиджамшуд Жаваровқа есе жіберді. Финалда Куба және Өзбекстан өкілдері өзара мықтыны анықтайды. 80 келі Бұл салмақтағы ел чемпионы Нұрбек Оралбайға қандасымыз, Қытайдағы этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатхан қарсы шығады. Тоқтарбек Токио Олимпиадасында бақ сынаған тәжірибелі боксшы. 86 келі Қазақстан сапындағы тәжірибелі боксшылардың бірі Абзал Құттыбеков финалда кубалық Яниер Арериомен өзара мықтыны анықтайды. 92 келі Бұл салмақта 2020 жылғы Қазақстан чемпионаты қайталанбақшы. Бір бапкерде жаттығып, бір қаланың намысын қорғайтын Айбек Оралбай мен Сағындық Тоғамбай турнирдің алтынына таласады. Жартылай финалда олар тиісінше Үндістан және Қытай боксшыларын ұтқан. + 92 келі Жасөспірімдер Олимпиадасының жүлдегері Дамир Тойбай бас команда сапындағы тырнақалды табысына жетуге жақын. Жартылай финалда өзбекстандық Жахонгир Зокировты ұтқан Дамирге ақтық сында тағы бір өзбек боксшысы – Ләзизбек Муллажонов қарсы тұрмақ.