Алматыда үстел теннисінен «WTT Youth Contender Almaty 2025» халықаралық турнирі өтеді

Алматыда үстел теннисінен «WTT Youth Contender Almaty 2025» халықаралық турнирі өтеді
Теннис

Аталған жарыс 23-26 шілде аралығына жоспарланған. Турнирге әлемнің 15 мемлекетінен 235 жас теннисші қатысады деп күтілуде.

Атап айтар болсақ, Алатау төрінде АҚШ, БАӘ, Гонконг, Жапония, Катар, Қытайлық Тайпей, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Түркіменстан, Үндістан, Қазақстан спортшылары өзара бақ сынайды.

Жарысты қабылдаушы мемлекет Қазақстан сапынан түрлі жас санатындағы 86 спортшы сынға түседі.

Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF) мен Дүниежүзілік үстел теннисі (WTT) қолдауымен өтетін турнир жасөспірімдер сериясының күнтізбесіне енген және әлемдік рейтинг бойынша ұпай таратады.

Үстел теннисінен WTT Youth Contender турнирінде төмендегі жас ерекшеліктері бойынша жүлделер ойнатылады:

1. 11 жасқа дейінгі қыздар мен ұлдар, жекелей сын;

2. 13 жасқа дейінгі қыздар мен ұлдар, жекелей сын;

3. 15 жасқа дейінгі жасөспірім ұл-қыздар, жекелей сын;

4. 17 жасқа дейінгі жасөспірім ұл-қыздар, жекелей сын;

5. 19 жасқа дейінгі жасөспірім ұл-қыздар, жекелей сын;

6. 15 жасқа дейінгі спортшылар арасында аралас жұптық сын;

7. 19 жасқа дейінгі спортшылар арасында аралас жұптық сын.

Турнир Алматы қаласының Нұркент, 14 Б мекенжайында орналасқан ADD Ustel Tennis Ortalygy кешенінде өтеді. Кіру тегін.

Сондай-ақ жарыс тікелей эфирде Qazsport арнасынан көрсетіледі.