Месси жаңа тарихи рекорд орнатып, Роналдудан басым түсті

Месси жаңа тарихи рекорд орнатып, Роналдудан басым түсті
Футбол

Sport24

Лионель Месси ойын сәтінде соғылған голдар саны бойынша Криштиану Роналдуды артта қалдырып, жаңа рекорд орнатты, деп хабарлайды Bassport.kz.

38 жастағы аргентиналық шабуылшы МЛС аясындағы «Нью-Йорк Ред Буллс» командасына қарсы сырт алаңдағы кездесуде дубль жасап, «Интер Майамидің» 5:1 есебімен жеңіске жетуіне үлес қосты. Екі гол да пенальтисіз соғылған.

Осылайша, Мессидің тек ойын сәтінен соққан голдар саны 764-ке жетіп, Роналдудың көрсеткішінен (763) асып түсті. Жалпы карьерасында Лионель 1114 матчта 874 гол соқса, оның 110-ы пенальтиден. Ал Роналду 1281 кездесуде 938 гол салып, 175-ін 11 метрлік нүктеден енгізген.

Бұл жетістік – әлем футболының екі аңыз ойыншысы арасындағы жиырма жылға жуық жалғасып келе жатқан тартыстың кезекті кезеңі. Айта кетейік, Мессидің еншісінде Роналдуға қарағанда «Алтын доп» та көп – 8 мәрте жеңіп алған, ал португалдықта – 5.