АҚШ-та өтетін жекпе-жек алдында Олимпиада чемпионы салмақ өлшеді

АҚШ-та өтетін жекпе-жек алдында Олимпиада чемпионы салмақ өлшеді
Бокс

NUR.KZ

Қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов кәсіпқой рингке қайта оралуда. Ол 20 шілде күні таңертең АҚШ-та жекпе-жек өткізеді, деп хабарлайды Bassport.kz.

Жартылай орта салмақта өнер көрсететін Елеусінов (12-0, 7 KO) Пенсильвания штатындағы Вашингтон қаласында өтетін бокс кешіне қатысады. Оның қарсыласы – филиппиндік Джеймс Бэкон (26-5, 17 KO). Қос боксшы да салмақ өлшеуден сәтті өтіп, дәстүрлі көз түйістіру рәсімін өткізді.

Бұл жекпе-жек Данияр үшін өткен жылдың қыркүйегінен бергі алғашқы кездесуі болмақ. Сол кезде ол Алматыда өткен кездесуде Джо Нойнаны (23-5-2, 11 KO) сенімді жеңген болатын.

Еске сала кетейік, Елеусінов 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадада алтын медаль жеңіп алған болатын.

Айта кетейік, дәл осы бокс кешінде тағы бір отандасымыз – аса ауыр салмақтағы Иван Дычко (14-0, 13 KO) да шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы – америкалық Сэмюэль Кроссд (11-4-1, 7 KO). Бұл жұп та салмақ өлшеуден өтіп, бетпе-бет келді.

Иван Дычко бұған дейінгі жекпе-жегін 2024 жылдың тамызында АҚШ-тың Плант-Сити қаласында өткізіп, америкалық Крейг Льюисті (15-8-1, 8 KO) нокаутпен жеңген еді.