Алматы әкімі Орталық стадионды жаңғыртуды тапсырды

Алматы әкімі Орталық стадионды жаңғыртуды тапсырды
Футбол

Спортивная Орда

Қазақстан футболы үшін жағымды жаңалық. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында Орталық стадионға барып, нысанның қазіргі жағдайымен танысты және болашақтағы жаңғырту жоспарын қарастырды, деп хабарлайды Bassport.kz қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапар барысында стадион халықаралық стандарттарға сай келуі үшін кешенді жаңғыртуды қажет ететіні айтылды. Жоба аясында жеңіл атлетика инфрақұрылымын сақтау көзделіп отыр. Бұған дейін стадион 35 мың көрерменді қабылдай алса, қазір сыйымдылығы 23 мыңға дейін төмендеген.

Сонымен қатар, стадион мен оған жақын орналасқан М.Әуезов атындағы драма театры мен Қазақ мемлекеттік циркі арасында жаяу жүргінші байланыстарының әлсіздігі көлік қолжетімділігі мен қала қауіпсіздігіне теріс әсер етіп отырғаны атап өтілді.

— Орталық стадионды ретке келтіру қажет. Барлығын, санитарлық тораптардан бастап, айналасындағы жаяу жүргінші жолдарына дейін қалпына келтіру керек. Бұл — халық көп шоғырланатын маңызды қоғамдық нысан. Сондықтан ол қазіргі заман талабына сай, ыңғайлы, қауіпсіз әрі қала тұрғындары үшін қолжетімді болуы тиіс, — деді Дархан Сатыбалды.

Қала басшысы стадионға цифрлық билет сату жүйесін енгізіп, оны билет операторларымен толық интеграциялауды да тапсырды.