Ангелина Лукас Таразда тарихи титулдық жекпе-жек өткізетінін хабарлады

Бокс
Әлеуметтік желі
IBO, WBF, WIBF және WBC тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Ангелина Лукас (14-1, 7 KO) өзінің титулдық жекпе-жегін туған қаласы Таразда өткізетінін мәлімдеді, деп жазады Bassport.kz.
Жекпе-жек 1 маусым күні өтеді. Лукасқа қарсылас болатын - Чили елінің өкілі Даниэла Асенхо (17-4, 2 KO).
— 1 маусым күні туған қалам Таразда IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағымды қорғайтын боламын! Қарсыласым - Даниэла Асенхо. Бұл менің өмірім мен спорттық жолымдағы ең маңызды кездесулердің бірі. Мен және командам бұл жекпе-жекті Таразда өткізу үшін бар күшімізді салдық. Бұл қала - менің туған жерім, менің мәңгілік үйім. Тараз тарихында тұңғыш рет әлемдік деңгейдегі бокс кеші өтеді. Мен - Қазақстан тарихында чемпиондық белбеуін туған елінде қорғайтын алғашқы әйел спортшымын! - деп жазды Ангелина өзінің Instagram парақшасында.
Бұл кештің басты жекпе-жегінде Халықаралық бокс ұйымының (IBO) әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.