Серік Сәпиев жаңа қызметке тағайындалды

Серік Сәпиев жаңа қызметке тағайындалды
Бокс

Әлеуметтік желі

Бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы саясаттанушы Ербол Еділов өзінің Telegram-каналында жазды, деп хабарлайды Bassport.kz 1bol-ға сілтеме жасап.

Есте болса, биыл ақпан айында белгілі спортшы ҰОК-нің ұлттық құрамалар бойынша вице-президенті болып тағайындалған еді. Серік Сәпиев Лондон Олимпиадасынан кейін спорттық мансабын аяқтап, кейін «Астана арландары» бокс клубына басшылық етті. Ал 2016 жылы Мәжіліс депутаты болып сайланса, араға бір жыл салып Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағалығына бекітілді. Бұл қызметті ол 2021 жылдың қазан айына дейін атқарған болатын.

Ол бокстан 2002-2012 жылдары аралығында ұлттық құраманың мүшесі болды. 2005-2007 жылдары әлем чемпионы атанса, 2007-2009 жылдары Азия біріншілігінде топ жарды. 2010 жылы Азия Ойындарында үздік шықса, 2012 жылы Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында 69 келіде чемпион атанды.