Ақтөбеде дзюдодан Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары анықталды
Қазақстан дзюдо федерациясы
Ақтөбеде өткен дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының аралас командалық сайысында Алматы қаласының құрамасы чемпион атанды.
Қола жүлдеге таласта Қарағанды мен Қызылорда облыстары кездесті. Қарағандылықтар қосымша белдесуде Ұлан Алтаевтың жеңісінің арқасында 4:3 есебімен қарсыластарынан басым түсті. Екінші қола жүлде үшін өткен бәсекеде Атырау облысы Жамбыл облысын 4:2 есебімен ұтып, жүлдегер атанды. Атырау сапынан Дана Әбдірова, Эсмигуль Куюлова және Айымзада Думанқызы маңызды ұпайлар алып келді.
Финалда Алматы қаласы мен Алматы облысы құрамалары бақ сынасты. Шешуші белдесуде 70 келіден жоғары салмақтағы Ақерке Рамазанова Алматы облысының өкілі Екатерина Токареваны таза жеңіп, есепті 4:2-ге жеткізді.
Осылайша, Алматы қаласының құрамасы чемпиондық атаққа ие болды.
Чемпионат қорытындысы бойынша күміс жүлде Алматы облысына бұйырса, қола жүлделер Қарағанды мен Атырау облыстарының командаларына табысталды.