Қазақстандық пара велоспортшылар Азия чемпионатында 5 медаль жеңіп алды

Қазақстандық пара велоспортшылар Азия чемпионатында 5 медаль жеңіп алды
Велоспорт

Пара велоспорттан 11-ші Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BasSport.kz.

Көру қабілеті зақымданған спортшылар арасында өткен тандемдік дисциплинасында еліміздің спортшылары Сейтжан Кенжегүл (стокер) мен Антон Лаврентьев (пилот) 20:27.9 уақытты көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды. Екінші орынды Александр Малыгин (стокер) және Дэвид Кусаков (пилот) 21:13.5 нәтижесімен иеленді, ал қола медаль Тәлім Дастан (стокер) мен Максат Нұрпеисовке (пилот) бұйырды, олар жарысты 22:37.7 уақытта аяқтады.

Әйелдер арасында чемпионатың тандемдік дисциплинасында Жұлдыз Қайнарова (стокер) мен Ульяна Чугай (пилот) 22:03.4 уақыт көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды. Күміс медаль Әсел Калиева (стокер) мен Айгерім Нұрғалиға (пилот) 28:08.8 нәтижесімен бұйырды.
"Мен велоспортпен 15 жылдан астам уақыт айналысып келемін. Алайда, тандемдік дисциплина жеке жарыстан қиынырақ, себебі серіктес үшін жауапкершілік жоғары. Техникалық қиындықтарға қарамастан, біз, әрине, жеңіске жетуді көздедік. Ең бастысы осы жарыста Азияның чемпионы атандық", - деді Антон Лаврентьев.


«Чемпионат алдында спортшылар үш оқу-жаттығу жиынынан өтті. Екеуі Алматы қаласында және біреуі Текелі ауданында орын алды. Спортшылар трассаны мұқият зерттеп, шеберліктің арттыруға талай жұмыс атқарды. Осының арқасында еліміздің спортшылары 5 медаль жеңіп алды», - деді Қазақстанның пара велоспорттан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Николай Зайцев.

Айта кетсек, пара велоспорттан Азия чемпионаты 6 маусымда "Алматы Арена" алаңында өтті. Байрақты бәсекеге Сауд Арабия, Тәжікстан, БАӘ, Өзбекстан, Таиланд, Оман, Палестина, Үндістан және Қазақстан елдерінен 69 пара велоспортшы (56 ер және 13 әйел) қатысты. Чемпионат көру қабілеті және тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасында өтті. Осы жарыс аясында 42 елдің қатысуымен 43-ші Азия шоссейлік велоспорт чемпионаты, 29-шы Азия жасөспірімдер чемпионаты және ардагерлер мен әуесқойлар арасында велоспорттан жарыстар өтті.