Данияр Елеусінов Астанадағы спорт мектебінен тұрақты түрде жалақы алып келген

Данияр Елеусінов Астанадағы спорт мектебінен тұрақты түрде жалақы алып келген
Бокс

Бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Астанадағы спорт мектептерінің бірінен тұрақты түрде жалақы алып келген, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

Спортшы соңғы жылдары Америка Құрама Штаттарында тұрады. Бірақ Астана қалалық спорт басқармасы Данияр Елеусіновтің 2021 жылдан бері жаттықтырушы лауазымында жұмыс істеп келе жатқанын растады. 

"Шынымен де, Елеусінов Данияр Маратұлы Астана қаласы әкімдігінің №3 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балаларжасөспірімдер спорт мектебі КММ-де жаттықтырушы лауазымында. Жалақысы – 80 249 теңге. Елеусінов Данияр жартылай штаттық негізде жұмыс істейді", - деп мәлімдеді Астана қаласы спорт басқармасының баспасөз қызметі. 

Данияр Елеусіновтің өзі спорт мектебіндегі жұмысына былтыр, яғни жаңа жылдың алдында келген. Астана әкімдігінің №3 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі директорының айтуынша, Данияр Елеусінов жас спортшылармен жиі онлайн байланысқа шығады. 

"Ол енді қалада болғанда үнемі залда ғой. Жаттығулары бар, біздің балалармен бірге жаттығады. Бүкіл әдіс-тәсіл, соққы, бәрін көрсетіп, залда істейді. Соңғы рет желтоқсанда болды. Оның алдында Данияр ешқайда шықпады ғой", - деп пікір білдірді Астана әкімдігінің №3 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі директоры Мұрат Мұстафин.

Сонымен қатар, бұл мектептің жаттықтырушылары тізімінде Валентина Хальзова, Марина Вольнова сынды Олимпиада жүлдегерлері де бар көрінеді.