Қатарынан екі рет жүлдесіз қалу ауыр тиді - Нариман Курбанов

Қатарынан екі рет жүлдесіз қалу ауыр тиді - Нариман Курбанов

Спорттық гимнастикадан Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем біріншілігінен қазақстандық жанкүйерлер жүлде күтті. Себебі, биылғы маусымда өткен әлем кубогі кезеңдерінде команда үздігі Нариман Курбанов алға суырылып шыққан болатын. Нариман ат снаряды бойынша әлем кубогінің үш кезеңінде топ жарып, рейтингте көш бастады. Десе де, маусымның ең маңызды турнирінде Курбанов тағы да жүлдеге қол созым жерден тоқтап отыр. Bassport.kz тілшісіне сұхбат берген спортшы Тұманды Альбионда не кедергі болғанын және қатарынан екі рет медальсіз қалудың қиынға соққанын жасырмай айтты. 


- Нариман, биылғы маусым сіз үшін жақсы өтті. Бірақ әлем чемпионатында тағы да сәтсіздікке ұшырадыңыз...


 - Ливерпульдағы әлем біріншілігі мен үшін жақсы басталған еді. Әрбір қимылымды қадағалап отырдым. Бірақ ойламаған жерден тепе-теңдікті жоғалтып, қателікке бой алдырдым. Медальдан қағылуыма да әсер еткен осы жағдай. 


- Әлемдік жарыста екінші және төртінші орын алу спортшыларға өте ауыр тиеді деседі. Расында солай ма?


- Қатарынан екінші рет әлем чемпионатында төртінші орынға табан тіредім. Былтыр Жапонияда өткен әлем біріншілігінде де 14.766 ұпаймен қолаға қол созым жерден тоқтағанмын. Былтырғы нәтиже мен үшін үлкен жетістік еді, әлем мықтыларымен иық тірестіруге болатынын түсініп қайтқанмын. Ал биыл нақты медаль аламын деген сенім басым болды, өйткені, бір жыл ішінде жетіле түстім, биылғы маусым да сәтті өтті. Төртінші орынмен келісу қиын...


- Ат снарядындағы жаттығудан ең соңғы финалист бағдарламасын орындағанға дейін сіз үшінші орында тұрдыңыз. Ал армениялық спортшы сізден сәл ғана жоғары ұпай алып, қоланы қанжығасына байлағанда қандай күй кештіңіз?


 - Армениялық гимнаст 38 жаста және өте тұрақты өнер көрсетіп келген спортшы. Мен оны бұрыннан білемін әрі оның менен сәл де болса жоғары ұпай алатынына күмәнім болған жоқ. Себебі финалда менен қателік кетті. Ол жаттығуды бастайтын кезде-ақ, жеңіс тұғырына көтерілетін мүмкіндігім жоқ екенін түсіндім. Сондықтан оның қандай ұпай алатынын қараған да жоқпын. 


- Әлем чемпионатының жүлдесі бұйырмаса да, кубоктік кезеңдерде сәтті өнер көрсеттіңіз. Үш рет жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілдіңіз. Қай бәсеке сіз үшін есте қаларлықтай өтті?


 - Әлем кубогінің Катарда өткен алғашқы кезеңі сәтсіз өткен соң, тез жиналып, Германиядағы сында топ жардым. Неміс жерінде мен психологиялық тұрғыдан өзімді шыңдап, сол кездегі бар күшімді сарқып бердім. Ал Әзірбайжандағы турнир жүйкеге жүк түсірген ауыр бәсеке еді. Себебі, бұл сында әлемдік рейтингтегі бірінші орынның тағдыры шешілген еді. Венгриядағы әлем кубогі кезеңінде мен өзімнің спорттық мансабымдағы ең жоғары ұпайды иелендім. 


 - Ендігі мақсат қандай? Париждегі Олимпиадаға баратын мүмкіндік әлі де бар ма?

 

- Келесі әлем чемпионатында Олимпиаданың үш жолдамасы сарапқа салынады. Лицензия алу үшін финалға шығып, жоғарғы орынға таласу керек. Ендігі міндет сол.