"Бұл жеңісімді анам көре алмай кетті": Алуа Балқыбекова әлем чемпионатынан соң арнайы сұхбат берді

Бокс
Бокстан әлем чемпионатының күмісін жеңіп алған Алуа Балқыбекова Bassport.kz тілшісіне сұхбат беріп, Стамбулдағы жер жүзілік жарысты қорытындылады. Боксшының айтуынша, бұл оның үлкен спортта 11 жылдан бері күткен жеңісі. - Алуа, ересектер арасындағы тырнақалды табысыңызбен құттықтаймыз. Финалда төрешілер түрік қызына бұра тартты деушілер көп. Өзіңіз осы пікірмен келісесіз бе? - Қазылардың шешімін дауламаймын. Егер қарсыластан бір бас жоғары болсам, жеңісті ойланбастан маған беруші еді. Демек, өзімнен де олқылық кеткен. Мүмкін, кей соққыларым дарымаған шығар. Қорғаныста қате кетуі мүмкін. Ел не айтса да, өзім осы жүлдеге лайық болғаным анық. - Жартылай финалда болгариялық боксшыны мерзімінен бұрын жеңдіңіз... - Иә, финалға дейінгі жекпе-жектерді бір деммен өткіздім. Тіпті, жартылай финалдағы қарсыласымды мерзімінен бұрын жеңемін деп ойламаған едім. Ақтық сында алтын аламы деген үмітім де, сенімім де басым болды. Бірақ, бұйырмады. - Күмістің өзі үлкен күш, оңайлықпен келмейді. Осы орайда, отбасың мен туыстарың бұл жеңісіңізді қалай қабылдады? - Әрине, бәрі қуанып жатыр. Күмістің өзін алтынға балап жатқан жан-жағымдағы жақындарыма рахмет. Әкем де, туыстарым да шексіз бақытты. Өкінішке қарай, анам көре алмады бұл жеңісті. Ол кісі 11 ай бұрын өмірден өткен еді. Менің Азия чемпионы атанған сәтімді көрді, оған да шүкір. Біз анамның сырқатына байланысты Алматыға Тараздан көшіп келдік. Әкем мен жарыста болған кезде анама жалғыз қарай алмайтын. Екі ортаны жол қылмай, Алатау баурайына ауыстым. Бапкерім де ауысты. - Сіздің спортшы ретінде қалыптасуыңызға анаңыз қандай үлес қосты? - Менің тұлға ретінде, спортшы ретінде қалыптасуыма анамның қосқан үлесі өте зор. Ол Тараз қаласындағы мемлекеттік университетте сабақ берді. Өзі ғылым докторы болатын. Оның білімге деген құштарлығы менің жеңіске деген құштарлығыммен бірдей еді. Алдымен мен кикбоксингке қатыстым. Кейін біртіндеп боксқа түбегейлі бет бұрдым. Сол кездерде анам үлкен қолдау көрсетті. Бағындырар биігімнің көп болатынын айтты. Әлем чемпионатындағы жетістігімді анамның көрмегені өкінішті. - Сіздің салмағыңыз Олимпиада бағдарламасына енбейді. Болашақта басқа салмаққа ауысу ойда бар ма? - Біздегі олимпиадалық салмақта Назым Қызайбай өнер көрсетеді. Ол бұрын 48 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионатын екі рет ұтқан болатын. Пандемияға байланысты Токио Олимпиадасына қатыса алмады. Болашақта Назым Олимпиадаға барады деген ойдамын. Сол үшін жұмыс істейміз. - Пандемия демекші, 2019 жылғы әлем чемпионатын кейін әйелдер боксы аялдап қалды. Ешбір жарыс өтпеді. Бұл кезеңнен қалай өттіңіздер? - Өте қиын болды, рас. Алда не тұрғанын білу мүмкін болмады. Жоспарымыз да түгел орындалмады. Қашан жарыс өтеді деген оймен өмір сүрдік. Міне, қаншама үзілістен кейін әлем чемпионаты өтіп, күміс жүлде иеленіп отырмын. Үлкен спортқа қадам басқаныма 11 жыл толыпты. Бұл жүлдені де 11 жыл күттім. Енді алдағы жарыстарға тынымсыз дайындаламыз.