Қазақстанға хоккейден 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге қанша қаржы қажет?

Б.Төлеуов
Қазақстанға хоккейден 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге қанша қаржы қажет?

Қазақстан шайбалы хоккейден 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуден үміткер. Осы ретте мұндай ірі бәсекені өткізуге қанша қаржы қажет. Bassport.kz осыған назар аударып көрген еді.


Жалпы, Қазақстан соңғы 10 жылда әр түрлі спорт түрлерінен 9 әлем чемпионатын қабылдапты. Мысалы, допты хоккей яғни бендиден 2012 жылы Алматыда әлем біріншілігін өткізген. Бұған 14 құрама қатысқан. Сол жылы су добынан әлемдік лиганың финалдық кезеңін қабылдады. Алатау баурайына 8 ел келді. Ал олимпиадалық спорттың жекелей түрлерінен ең негізгі бәсекелерді 2013-2016 жылдары өткізіппіз. Алматыда ерлер арасындағы бокс пен ауыр атлетикадан әлем чемпионатын, Астанада дзюдо, күрес түрлері және әйелдер арасындағы бокстан әлем біріншілігін қабылдағанбыз. Сосын Рапид және блиц бойынша шахматтан әлем чемпионаты, футзалдан студенттер арасындағы әлем чемпионаты тағы бар.


Ал хоккей, футбол секілді командалық спорт түрлерінен әлем чемпионатын өткізудің жөні бөлек. Оның аудиториясы, жұмсалатын қаржы да ауқымды. Мысалы, 2014 жылы беларустар Минскідегі әлем чемпионатына 12 миллион еуроға жуық қаржы жұмсады. Бұған турнирді өткізу жөніндегі дирекция қызметкерлерінің жалақысы, үй-жайларды жалға алу, әлем чемпионатына қатысушыларды орналастыру шығындары кірді. Бұл ретте бюджеттің шамамен 20 пайызы демеушілердің қаражатын алынған екен. Арада 4 жыл өткенде әлем біріншілігін қабылдаған Дания 18 миллион еуро жұмсаған. Ал 2021 жылы Латвия 12 миллион еуро жұмсаған. Бір қызығы, ел үкіметі тек соның 30 пайызын берген. Қаржының көбісі қатысушыларды орналастыруға жұмсалады.


Егер Қазақстан 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығын жеңіп алса, инфрақұрылым жағынан алаңдамаса да болады. Өйткені Астанада «Барыс Арена» кешені бар. Бірақ бәрібір де жоғары да айтқанымыздай, хоккейден әлем чемпионатын өткізуге кемі 12-20 миллион еуро аралығында қаржы керек. Қазіргі қымбатшылық, елдегі экономикалық ахуал тұрғысыынан бұл шығын өз-өзін ақтай ма? Бұған енді тиісті басшылар мен мамандар жауап береді деп үміттенеміз.


Жақында 2027 жылғы чемпионатты өткізуден үмітті елдердің бірі – Норвегия қаржылық мәселелерге байланысты бас тартты. Өйткені Норвегия үкіметі қаржы бермеген. Енді олар 2028 жылға талпынып көрмек.


Жалпы, әлем чемпионатын өткізу былтыр Қазақстанға   халық­аралық шайбалы хоккей федерациясының басшысы Люк Тардиф келгеннен басталды. Сол кезде президент біздің елде спорттың осы түрімен 14 мыңнан аса адам айналысатынын тілге тиек ете келе, жер-жаһанның ең мықты командалары бас қосатын бәсекені аса жоғары деңгейде өткізе алатынымыз жайында мәлімдеді. Әлемдік дода сонау 1920 жылдан бері ұйым­дастырылып келеді. 85 мәрте жалауы желбіреген жарыстың дені Еуропа елдерінде өткені белгілі. Одан бөлек, АҚШ-та үш және Канадада бір рет шымылдығы түрілді. Егер таңдау Қазақстанға түссе, онда шайбалы хоккейден осындай бәсі жоғары бәсеке Азия құрлығында алғаш рет ұйымдастырылмақ. Қазақстанның бәсекелесі Германия осыған дейін хоккейден ұйымдастырылған әлем біріншіліктерін 9 рет қабылдаған.

2027 жылға дейін әлем чемпионаттары мына елдерде өтеді:

Тампере, Финляндия және Рига, Латвия, 12–28 мамыр 2023
Прага және Острава, Чехия, 10–26 мамыр 2024
Стокгольм, Швеция және Хернинг, Дания, 9–25 мамыр 2025
Цюрих және Фрибург, Швейцария, 15–31 мамыр 2026 жыл.