Бір суреттің тарихы немесе Аргентинаны финалға алып шыққан жігіт жайлы

Бір суреттің тарихы немесе Аргентинаны финалға алып шыққан жігіт жайлы
Футбол

Кеше ғана алты құрлық көз тіккен аладоп додасының ақырғы айқастарының бірінде Аргентина құрамасы Хорватияны сенімді түрде жеңді. Оңтүстік америкалық ұжымның әрбір ойыншысы өздерінің және Мессидің арманын шындыққа айналдыру үшін алаңда жанын салып ойнағаны түсінікті. Десек те, нәтижеге тікелей әсер еткен әлем футболының тірі аңызы Лионель Месси мен жас футболшы Хулиан Альварестің ойындары көзі қарақты көрерменнің көңілінде сақталатыны сөзсіз. Бүгінгі мақаламызға арқау болған да білікті бапкер Пеп Гвардиола баптайтын дәл осы дарынды футболшы болатын.

...Анасы ұрсады. Ол мектептен тағы да Мессидің суреті салынған плакатпен келді! Қашанға дейін жалғаспақ бұл? Тіпті үстіңгі қабырға да толып қалған!

Альварес түскі асқа берілген ақшаны постерлерге айырбастамаймын деп сөз берген. Бірақ қалайша мұндай қазынаны сыныптасының қолында қалдырмақ? Ол бәрібір қолындағы алтынның қадіріне жете алмайды. Досы үшін ол жай ғана қағаз болса, Альварес үшін ол бойтұмар.

Хулиан ес білгелі Месси десе ішкен асын жерге қоятын. 2011 жылы ұлттық құрама біз тұратын ауылдан 120 шақырым жерге келді. Бір сағатта әкесі Хулианды қонақ үйге апарды. Түсірілуі екіталай фотосурет үшін оған жұмысын ысырып қоюға тура келді. Дегенмен, ол сәтте баланың ашуынан бастықпен айғайласқан жеңілірек еді.

Жеткіншектің жолы болды: Месси түскі асқа басты дәліз арқылы барды. Осылайша, Альварестің өміріндегі ең басты фото пайда болды. Лео өте қарапайым адам болып шықты және жол бойы жас бала оның өз кумирімен болатын достығы мен бірге соғатын голдарын елестетіп бара жатты.

Арада 11 жыл өткенде ол әлем чемпионатының жартылай финалында гол соғатынына да, голдық пастың Мессиден келетініне де еш күмән келтірмеген...

Хулиан 2000 жылы ауыл шаруашылығымен айналысатын Аргентинаның үлкен қалалардан шалғай, шағын ауылында туған. Ауылмен аттас «Атлетико-Кальчин» командасында спорттық ғұмыры басталады. Талантты жас 2018 жылдан бастап елдегі басты турнирде «Ривер Плейт» құрамында төбе көрсетеді. Үш жыл шеберлігін шыңдап, қарсылас қақпасына 45 гол соғып еуропалық скауттардың назарына ілінген футболшыны 2022 жылдың басында Хосеп Гвардиола қанатының астына алды.

Тағы бір айта кетерлігі, Альваресті қатарына қосуды тек «Манчестер Сити» ғана емес, «Барселона» да мақсат тұтқан екен. Бұл жайлы Mundo Deportivo басылымы жариялады. Олардың айтуынша, өткен қыста шабуылшы іздеген каталондық команда жас аргентиналықтың Камп Ноуда ашылып ойнап кетуіне күмәнмен қарап, орнына Пьер-Эмерик Обамеянгты алған.

Ұлттық құрамамен «Копа Американы» жеңіп, клубтық мансабын «Ман Ситиде» жалғаған Хуанды туған өлкесі мақтан етеді. Жергілікті халық Кальчинге кіре берісте: «Хулиан Альварестің туған жері Кальчинге қош келдіңіздер!» - деген жазуды іліп қойған.

Қазіргі таңда Хулиан Альварес ағылшындық ұжым сапында 3 рет мергендігімен көзге түскен. Ал Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатында аргентиналықтың еншісінде 4 гол және 1 нәтижелі пас бар. Доп додасының басты матчы 18 желтоқсанда өтеді. Месси бастаған Аргентина құрамасы қазіргі әлем чемпионы Франциямен кездеседі.

Авторы: Наурызбай Сатжанов