Әлем чемпионатының ойындары өтетін стадиондар

Әлем чемпионатының ойындары өтетін стадиондар
Футбол

Жексенбі күні Катарда футболдан әлем чемпионаты басталады. Дүбірлі дода 8 стадионда өтеді. Оның барлығы Катар астанасы Доха қаласы мен оның маңында орналасқан. Екі стадион арасындағы ең алыс қашықтық  - 75 шақырым. Bassport.kz тілшісі футбол ойындары өтетін әрбір стадион туралы деректерді жинақтады. 


"Лусаил" стадионы  - 2022 жылғы әлем чемпионатының басты аренасы. Бұл жерде 10 кездесу өтеді. Жартылай финалдық бір матч пен финал дәл осы стадионда ойналады. "Лусаил" Доха қаласынан 20 шақырымдай жерде орналасқан, 80 000 жанкүйерге арналған. Әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін стадион толық қайта жөнделіп, көпфункционалды орталыққа айналады. Чемпионаттан кейін бұл жерде мектеп, дүкендер мен емханалар пайда болады.




"Аль Бейт" стадионы маңыздылығы жағынан әлем чемпионатының екінші аренасы саналады. Бұл жерде жарыстың алғашқы ойыны және бір жарытлай финалдық кездесу өтеді. Аренада жалпы есебі  тоғыз ойын ұйымдастырылмақ. "Аль Бейт" стадионы Дохадан 46 шақырым жерде орналасқан. 60 000 көрерменге арналған, ашылып жабылатын төбесі бар. Әлем чемпионатынан кейін стадионның сыйымдылығы 32 000-ға дейін қысқарып, бес жұлдызды қонақүй, сауда орталығы, спорт залы мен фудкорт болып жасалады. Жергілікті "Аль-Хор" клубының стадионы болмақ. 




"Халифа Интернейшнл" стадионы арнайы әлем чемпионаты үшін салынбаған жалғыз спорт аренасы. 1976 жылы бой көтерген стадион толық қайта жөнделген. Көрермендер орыны 12 мыңға артып, 45 416 адамға арналған. Стадион Доха орталығынан 11 шақырым жерде орналасқан. Әлем чемпиоаты барысында 8 ойын осы жерде өтеді. Үшінші орын үшін матч "Халифада" ойналады. 




"Аль Тумама" стадионы Доха орталығынан 12 шақырым жерде. 40 000 жанкүйер сыяды. Әлем чемпионатынан кейін 20 000 дейін қысқарады. Дүбірлі дода үшін арналып салынған стадион жарыстан кейін тек футбол аренасы ғана емес, көпфункционалды орталық болады. Жоғарғы трибуналардың орнына бутик-отельдер салынып, түрлі сауда және коммерциялық орындар бой көтереді. 




"Ахмад Бин Али" стадионы Доха орталығынан 22 шақырым жерде бой көтерген. Бұл стадионда Катардың үздік командаларының бірі саналатын "Аль-Райян" клубы өз ойындарын өткізеді. 44 740 адамға арналған стадион чемпионаттан кейін 20 000 жанкүйер сыятын аренаға айналады. Стадионда "Аль-Райян" мультиспорттық клубының волейбол, гандбол командалары да ойындарын өткізеді. 




"974" стадионы биылғы әлем чемпионатындағы ең ерекше аренасы. 40 000 адам сыяды. Стадион 30 мың тонна металл құрастырылымы мен теңіз жүк тасымалына арналған 974 контейнерден  салынған. Сондықтан да атауы да "974". Футболшылардың киім ауыстыратын бөлмелері мен төрешілерге арналған орындардың барлығы контейнерлердің ішінде орналасқан. Әлем чемпионатынан соң контейнерлер қайтадан жүк тасымалы үшін қолданылады. Катарлықтар осындай жобаны жасаймын деушілер табылып жатса металл құрылымдарды тегін беруге дайын. Табылмаған жағдайда, басқа мақсаттарға жұмсайды. 




"Эдукейшн Сити" стадионы Аль-Райян ауданында орналасқан. Стадионның айналысы "Білім қалашығының" кампустары. Сондықтан да арена "Эдукейшн Сити" деп аталады. 45 350 адамға арналған стадион әлем чемпионатынан кейін бұзылып, 25 000 көрерменге дейін ықшамдалмақ. Ал металл құрастырылымдары спорт ғимараттары тапшы кедей елдерге тегін берілмек.



"Аль Джануб" стадионы Аль-Вакра қаласында салынған. 40 000 адамға арналған арена 2019 жылы ашылды. Мундиальдан кейін бұл стадион 20 000 адам сыятындай ықшамдалып, "Аль-Вакр" клубына беріледі.