Қазақстанның олимпиадалық командасы Қытайға аттанды

Қазақстанның олимпиадалық командасы Қытайға аттанды
Басқа
Кеше қазақстандық делегация Нұр-Сұлтан-Алматы-Бейжің бағыты бойынша Олимпиада ойындарына ұшып кетті, - деп хабарлайды Bassport.kz тілшісі Olympic.kz-ке сілтеме жасап. Барлық спортшылар мен бапкерлер ұшар алдындағы соңғы аптаны карантинде өткізді. Қытайға делегацияны  арнайы «Air Astana» әуе рейсі барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жеткізді. Бұл рейспен конькимен жүгіру, фристайл-могул, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысынан ұлттық құрамалар ұшып кеткен. Ал қорытынды жиынды шетелде өткізіп жатқан биатлон, шаңғы жарысы және шаңғы акробатикасынан ұлттық құрамалар Қытайға өз бағыты бойынша келеді.
«Бүгін біз Олимпиада ойындарына ұшып барамыз. Бұл бәріміз үшін толқитын сәт. Біз жақсылықтан үміттіміз және мұндай жауапты жарысты бар күшімізді саламыз. Осындай қиын кезеңде барлық жағдайды жасап, қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысы мен үкіметке, Ұлттық Олимпиадалық комитетке алғыс айтамын. Біз қандай кезең болса да, жаттығуды үзген емеспіз», - дейді Қазақстан командасының ту ұстаушысы, шорт-тректен құрама көшбасшысы Абзал Әжіғалиев.
Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 4 ақпан күні Бейжіңдегі Ұлттық стадионда өтеді. Еліміздің көк туын Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдова көтеріп шығады. Ақ Олимпиадада ел намысын 34 спортшы қорғайды. Олар 87 жолдама жеңіп алды.