БастыКүрес

Жалғыз жүлде жұбаныш бола ма? – Еркін күрес шеберлері Белградтан бір ғана медальмен оралды

Күрес түрлерінен Сербияның Белград қаласындағы әлем біріншілігі мәресіне жетіп, қазақстандық балуандар елге үш медальмен оралды. Еркін және грек-рим күресінен бір қола еншілесек, әйелдер күресінен күміс жүлде қоржынға түсті. Десе де, он салмақтың біреуінен ғана жүлде алу жанкүйерді де, мамандарды да қуантпайтыны анық. Одан бөлек, балуандардың басым бөлігі бірінші айналымнан асқан жоқ. Bassport.kz әлемдік додада айқасқан еркін күрес балуандарының нәтижесін сараптап көрді. Бас бапкердің де айтары бар…

Еркін күрес шеберлері былтыр Ослода өткен әлем біріншілігінен құр қол қайтқан еді. Белградтағы бәсеке бұл олқылықтың орнын аз да болса толтырды. Десе де, балуандар әлемдік деңгейдегі қарсыластарымен күресуге әлі дайын еместігін байқадық. Он салмақта күрестен қазақ жігіттерінің екеуі қолаға таласып, біреуі медаль алды. Қалған балуандар 1/8 айналымда сүрініп, жұбаныш белдесулерінде жарытқан жоқ.

Мәселен, 57 келідегі Рахат Қалжан мен 61 келідегі Асыл Айтақын екінші айналымда ұтылды.

65 келідегі Әділ Оспанов жүлде алуға лайық жігіттердің бірі еді. Әлем чемпионатының жүлдегері, қырғызстандық Әлібек Османовты, молдовалық Виталий Бунучиді жеңді. Бірақ ширек финалда болашақ чемпион, ирандық Рахман Мұсаға ірі есеппен жол берді. Ал жұбаныш белдесуінде Венгрия намысын қорғап жүрген Исмаил Мусукаевтан тағы да ұтылды. Бапкерлердің айтуынша, Оспановқа жарақаты кедергі болған.

70 келідегі Азия чемпионы Талғат Сырбаздың әлемдік жарыстарда әлі де жолы болмай жүр. Ол болашақ чемпион Таиши Нарикунге ірі есеппен жол берді. Жұбаныш белдесуінде де үндістандық Навиннен 3:11 есебімен жеңіліп қалды. Команданың бұрынғы бапкері Әсет Серікбаев кезінде Талғатты Дәулет Ниязбековтің орнын басатын жігіт деп бағалаған. Алайда, Талғат әлі тұрақты нәтиже көрсетер емес.

74 келідегі Нұрғожа Қайпанов та спорттық ғұмырындағы ең сәтсіз кезеңдерді өткізіп жатқандай. 70 келіде Азияны екі рет ұтып, әлем чемпионатында финалға шыққан Қайпановтың күресінен сән кетіп барады. Токио қарсаңында олимпиадалық салмаққа ауысқанымен, 74 келіде Нұрғожаның күресі жүрмей-ақ қойды. Иә, оның бірді-екілі халықаралық турнирде жүлдеге ілігіп, Азия чемпионатында топ жарғанын жоққа шығармаймыз. Бірақ дүйім жұрт дара шығады деп үміттенген балуанның соңғы кезде шабандап қалғаны рас. Белградтағы турнир басталған бойда Қайпанов құрлықтық жарыстарда ғана жүлде алып жүрген жапон Даиши Такатаниді ұта алмады. Ал Кайл Дейк сияқты қабыландармен қалай күресетінін болжау да қиын…

79 келідегі Болат Сақаевтан бапкерлер жүлде күткен болатын. Бабы келісіп, шеберлігі шыңдалған балуан тағы да бірінші кезеңнен әрі аспады. Украиналық Василий Михайлов алдырған жоқ, ақыры турнирдің қоласын иеленді.

92 келідегі ардагер балуан Әділет Дәулембаев өзінің орнын басатын жас балуандарды асыға күтіп жүргендей. Осы салмақта бірнеше жыл бойы әлем чемпионаттарына қатысып жүр, бірақ нәтиже болған емес. Азия деңгейіндегі турнирлерде үздік үштікке ғана ілігіп жүрген 34 жастағы Әділетті кім алмастыратыны белгісіз. Сербиядағы турнирдің ширек финалына Дәулембаев грузиялық қарсыласынан ірі есеппен жеңілді. Ал бапкерлер енді жастарға мүмкіндік беруді ойлап отыр.

97 келідегі Мамед Ибрагимов те бірінші белдесуден кейін жарысты аяқтады. 125 келідегі Олег Болтин қатарынан екінші рет қолаға күресіп, жүлдені уысынан шығарып алды. Белградтағы кіші финалда Олег Олимпиада жүлдегері әлі әлем чемпионы Генио Петриашвилиге есе жіберді.

Белградтағы әлем чемпионатында еркін күрестен жартылай финалға дейін сүрінбеген жалғыз балуан бар. Ол – 86 келідегі Азамат Дәулетбеков.

Азамат ұзақ үзілістен, көптеген қиындықтан кейін кілемге қайта оралған балуан. Оның алғашқы талпынысы жаман болған жоқ, десе де, былтыр Токиоға барамын деген тілегі орындалмаған еді. Азамат қанша күшін салса да Олимпиадаға іріктеу турнирінен өткен жоқ. Бұл сәтсіздік батырды тек шыңдаған секілді. 2022 жылғы маусымды Дәулетбеков қарқынды бастады. Сәуірде Моңғолияда өткен Азия чемпионатында жеңіске жетті. Дәл осы құрлықтық дода қанша жылдан бері балуанға бағынбай жүрген еді. Биыл өткен Болат Тұрлыханов рейтингілік турнирінде де Дәулетбеков қарсылас шыдатпады. Бір жыл ішінде Азаматтың шеберлігі де, сенімі де артқаны байқалды.

Белградтағы бірінші белдесу бәрімізді алаңдатып қойды. Кубалық балуанды 2:1 есебімен ұтса да, кездесу аяғына қарай қарсылас ұпай алып кеткен еді. Қуанышқа қарай, біздің бапкерлер наразылық танытып, төрешілер ұпайды қате есептегенін мойындады.

Екінші кездесуде қарымды қарсылас күтіп тұрды. Испания туының астына өткен осетиндік Таймураз Фриев отты да, суды да көрген тісқаққан балуан болатын. Әлем чемпионатының қола жүлдегері деген атағы бар, Рио кілемінде де айқасқан. Бұл белдесуде Дәулетбеков 4:2 есебімен жеңіске жетті.

Ширек финалдағы Сан-Марино балуаны Азаматқа айтарлықтай қиындық тудырған жоқ, есеп – 9:1.
Ең адуынды балуан жартылай финалда күтіп тұр еді. Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы, еркін күрестегі барлық атақтардың иегері Дэвид Тейлормен жолықты Азамат. Иә, көзіміз үйреніп қалғандай, біздің балуанымыз шыға сала беріледі деп ойлағанымыз рас. Бірақ Азамат берілмеді… Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ, алғашқы үш минутқа шыдады. Бірақ Тейлор қойсын ба?… Язданиден есе қайтаруды ойлаған ол біздің балуанды айқын басымдықпен ұтып кетті.

Жалпы, бұл салмақтың атағы алысқа кеткен үздіктері Дэвид Тейлор мен Хасан Язданидің деңгейі басқалардан әлдеқайда алға кеткен. Өйткені, екеуі де жартылай финалдағы қарсыластарын оңай жеңді, тіпті, финалға дейін ешкімге бір ұпай бермеген…
Қола медаль үшін өткен белдесуде Пуэрто-Рика балуанын айқын басымдықпен жеңеріне еш күмән болған жоқ.

Осылайша, еңбекқор балуан Азамат Дәулетбеков өз мансабында алғаш рет әлем чемпионатының тұғырына көтерілді. Бұл медаль бапкерлердің де, балуандардың да абыройын сақтап қалғаны анық. Бірақ жалғыз медаль жұбаныш бола ма?

Команданың бас бапкері Мадия Құрамысов әлем чемпионатынан бір ғана медаль алғанымызға көңілі толмайтынын айтады.

«Біз Болат Сақаев пен Талғат Сырбаздан үміт күттік. Нағыз бабында еді екеуі де, сәтсіздікке тап болды. Әділ Оспанов жарақатына қарамастан жақсы күресті. Әділ қырғыз балуанына бұған дейін екі рет жол берген еді. Тіпті, соңғы кездесуінде 0:10 есебімен ұтылған. Осы жолы есе қайтарды. Ирандық балуанды да ұтып тұр еді. Бірақ жауырынын кілемге тигізіп, соңына дейін ұстап тұра алмады. Ал Рахат Қалжан әлем чемпионатының жүлдегері неміс балуанын жақсы ұтқанымен, кейін Америкада жаттығатын сербиялыққа есе жіберді. Азамат биылғы маусымда өзінің бар күшін сарқып берді. Азия чемпионатында жеңіске жетіп, әлемде үздік үштікке енді. Азаматта сенім пайда болғаны көзінен көрініп тұр. Егер дәл осылай күресетін болса, Олимпиадада жүлде алатын жігіт. Нұрғожа Қайпанов өз күшін түгел жұмсамай, бір орында тұрып қалды. 6:0 есебімен ұтып тұрып, жеңіліс тапты. Негізі, біздің жігіттердің психикасы әлсіз. Соңына дейін шыдамайды. Сондықтан оларды көп жарысқа қатыстыру керек», – дейді бас бапкер.

Әрине, былтырғымен салыстырғанда биыл бір медаль бар деп жұбатуға болады. Бірақ еліміздегі басымдық берілетін және оң жамбасымызға келетін спорт түрі болғандықтан, балуандардан бұдан да биік нәтиже күтіп келеміз…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button