БастыДзюдо

«Дидарды танымай қалдық»: Дзюдодан команда бас бапкері Моңғолиядағы турнирге өз бағасын берді

Дзюдодан Ұлан-Батырда өткен Grand Slam турнирінде Қазақстан ерлер командасы екі қола медаль жеңіп алды. 90 келідегі Дидар Хамза мен аса ауыр салмақта сынға түскен Әділ Оразбаев рейтингілік бәсекеде үздіктер қатарынан көрінді. Осы орайда, команданың бас бапкері Нұрбол Сүлейменов Bassport.kz тілшісіне сұхбат беріп, Моңғолиядағы дзюдо додасын қорытындылады.

«Турнир өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жарыс басталар алдында осы бәсеке көп нәрсені шешеді деп айтқан едім. Расында, солай болды.

81 келіде күрескен Абылайхан Жұбаназардың аяқ алысы қуантты. Әлем чемпионы Саги Мукиді ұтқанының өзі оның үлкен жарыстарға бейімделіп келе жатқанын байқатады. Жеребе бойынша Сагимен кездесетінін естіген соң, израильдік дзюдошыға қарсы тактика дайындадық. Ең басты талап – белдесу басталған беттен Сагидің қарқынын бәсеңдету болды. Абылайхан бәрін біз айтқандай орындап, өте мықты балуандардың бірін жеңді.

Қола медаль үшін өткен жекпе-жекте Абылайхан әлемдік жарыстарда үнемі үздік үштіктен көрінетін нидерландылық Франк де Витпен жолықты. Ол бойы ұзындау, осы салмақта бұрыннан ысылған тәжірибелі спортшы еді. Біздің балуанымыз да тайсалған жоқ, тіпті, ұпай алып, есепте алға шыққан. Бірақ мұрны қанап, оны дәрігерлер таңып бергенше біраз уақыт кетті де, Абылайханның қарқыны сәл басылып қалды. Мұны қарсыласы жақсы пайдаланды. Десе де, Жұбаназардың бұл жетістігі бізді қуантады. Ол қазір 360 ұпай жинады, әлемдік рейтингтегі орнын біраз жақсартатыны сөзсіз. Бапкерлердің айтқанын екі етпейді, татами жанындағы жеке жаттықтырушысын да айтпай түсінетін спортшы.

90 келідегі Дидар Хамзаға да ерекше тоқталғым кеп тұр. Дидар жаңа салмаққа ауысқалы бері көзге түспей жүрген. Міне, бір жылдан аса уақытта ол да осы салмаққа бой үйретті. Кешегі жарыста Дидарды танымай қалдық. Әсіресе, моңғолиялық балуанды ұтқан соң, жеңіске деген жігері артып, күресі құлпырып шыға келді. Көзі от шашып тұрған, жеңіс үшін барын салатын Дидарды қайта көргендей болдым. Дидар бұл салмаққа сай балуан, әлі талай турнирде атой салады деп сенемін.

Аса ауыр салмақтағы Әділ Оразбаевтың жүлдесі біз үшін жаңалық болды. Ол да жеңіске деген жігері мықты жігіттердің бірі. Азулы қарсыластарын жеңді. Оған әлі ысыла түсу керек, әлі де үйдегі жаттығуларды үзбеу қажет. Осы турнирде Әділ өзіне өте сенімді болды. Бұл балуанымыздан да көп үміт күтеміз.

Ал Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев, Ерлан Серікжанов сынды үздіктеріміз осы жолы да сәтсіздікке ұшырады. Енді Елдос пен Ғұсманға үзіліс беріп, күшті арттыруға баса назар аударамыз. Келесі ірі бәсекелерге 66 келідегі ел чемпионы мен жүлдегерін жарысқа қосамыз. Осы турнирде Ғұсман мен Елдосқа қатысты көп нәрсе шешіледі деп айтқанмын. Енді жастардың бағын сынап көреміз. Ерланның тәжірибесі де, күші де бар. Бірақ бұл жігіттің көптен бері жолы болмай жүр. Әлі де дайындықты күшейту қажет. Көп ұзамай оқу-жаттығу жиынымыз басталады. Жаттығуды жалғастырып, жүлде мен ұпай санын арттыруымыз керек», – деді Нұрбол Сүлейменов.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button